Inbusiness оқырмандарға теңгенің доллар, рубльге, юаньге және еурога қатысты бағамы бойынша апта сайынғы валюта болжамын ұсынады
Доллардың жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Рубльдің жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Еуроның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Юанның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Atameken Business Channel теңгенің долларға және рубльге қатысты бағамына арналған кезекті апталық валюта болжамын оқырман назарына ұсынады (29 қаңтар – 2 ақпан).
Алдағы аптада теңгенің долларға шаққандағы бағамы қандай болатыны жайлы abctv.kz сауалнамасына қатысқан сарапшылардың пікірі екіге жарылды. Сарапшылардың көбісі қазақстандық валютаның нығаюына үміт зор деп есептейді. Бұған Қазақстанның Ұлттық қоры активтеріне уақытша тыйым салу туралы шешімінің күші жойылуы («Альпари» және «Телетрейд Групп»), мұнай бағасының жоғары болуы («АНАЛИТИКА онлайн Қазақстан» және IFC Markets), сондай-ақ жаһандық нарықтағы доллардың одан әрі әлсіреуі мүмкін («АНАЛИТИКА онлайн Қазақстан»,«Телетрейд Групп» және IFC Markets) деген жорамалдар себеп болмақ.
Ал «Астана-Инвест» Инвестициялық үй» және Wall Street Invest Partners компанияларының сарапшылары болса, керісінше алдағы аптада теңгенің долларға қатысты бағамы өзгереді деп отыр. Оған салық аптасының аяқталуы мен алдағы бейсенбі күні өтетін АҚШ Федеральдық резервтік жүйесінің пайыздық мөлшерлеме бойынша отырысы себеп болады.
Ресейлік рубльге қатысты пікір айтқан сарапшылар АҚШ тарапынан жаңа санкциялар енгізілу қаупіне («АНАЛИТИКА онлайн Қазақстан» және Wall Street Invest Partners) баса назар аударды.
Сарапшылардың толық пікірін abctv.kz дайындаған төмендегі кезекті сауалнамадан оқи аласыздар.
Наталья Мильчакова, «Альпари» компаниясы сараптамалық департамент директорының орынбасары:
Ұлттық банктің еуропалық банктерде сақталған жарты активінің голландиялық сотпен бұғатталып, кейін бұл шешімнің күші жойылуы - Қазақстан үшін жақсы жаңалық болды. Қазақстан сотта посткеңестік елдердің бірінің жосықсыз кәсіпкерінің жалған айыбын толығымен жеңіп шықты. Бұл жаңалық теңге үшін жағымды болды.
Енді теңгенің долларға қатысты бағамы 320-323 теңге, ал рубль 5,76-5,81 теңге болады деп отырмыз.
Сергей Дроздов, «ФИНАМ» компаниялар тобының сарапшысы:
Компаниялардың есеп беру маусымының аясында америкалық индекстер жаңа рекорд орнатып жатыр.
Техникалық индикаторға сәйкес, S&P 500 он алтыншы сессияны қайта сатып алу аймағында өткізді, бұл 20 жыл ішіндегі ең ұзақ ралли болып отыр.
ЕОБ-ның өткен отырысында реттеуші базалық пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырып, активтерді сатып алудың ай сайынғы көлемін осы жылдың қыркүйегіне дейінгі 30 млрд еуро деңгейінде сатып алу бағдарламасы аясында сақтап қалды. Баспасөз мәслихатында Марио Драги валюта нарықтарындағы еуро бағамының құбылмалығы туралы айтып,бұл Еуроодақтағы инфляция қарқынын болжауда белгісіздіктің себебі болып отыр деп көрсетті.
Алайда еуропалық алаңдарды жапқаннан кейін CNBC-ге сұхбат берген Дональд Трамп, керісінше АҚШ экономикасының күшті дамуы барысында мықты долларды көргісі келетінін айтты. Ал бұл еуроның күрт түсуі мен бұған дейін 71 долларды көрсетіп тұрған мұнай бағасының төмендеуіне әкелді. Нәтижесінде «қара алтынның» бағасы өткен сауда қорытындысы бойынша 0,98%-ға төмендеп, 70,02 доллар болды.
Citigroup сарапшыларының бағалауы бойынша, ОПЕК-ке мүше елдердің мұнай өндіруді қысқарту туралы келісімі және мұнайлы аймақтардағы тұрақсыздық келешекте мұнай тапшылығын тудыруы мүмкін. Осының салдарынан мұнайдың бағасы бір баррель үшін 80 доллар болып кетуі ғажап емес
Мұндай жағдайда Brent маркалы мұнай жергілікті қолдаумен 70 және 69,50 доллар болады.
Жұма күні Baker Hughes мұнай-газ сервистік компаниясының статистикасы шықты. Оның қорытындысы бойынша дүйсенбі күнгі саудада мұнай бағасы қандай болатыны белгіленеді.
Келесі аптада теңгенің долларға қатысты бағамы 319-321 теңге, ал рубльге қатысты бағамы 5,6-5,8 теңге, еуро 395-398 теңге болады деп болжап отырмыз.
Серік Қозыбаев, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ инвестициялық талдау бөлімінің басшысы:
Жаһандық нарықтағы доллардың әлсіреуі мен мұнай бағасының жоғары болуын пайдаланған рубль бағамы өткен аптада нығайды. Рубль алдағы аптада да осы қарқынын жоғалтпайды деп ойлаймыз.
Өткен аптада теңгенің долларға қатысты бағамы да нығайды. Салық аптасы аяқталды, сонымен бірге теңгені «қолдауда» аяқталады. Алдағы аптада теңге шамалы әлсірейді деп ойлаймыз.
АҚШ-тағы мұнай қоры төмендеп келеді. Қысқы маусымның соңына қарай сұраныс төмендеуі мүмкін, өйткені көптеген МӨЗ жазғы режимге көшу үшін профилактика жұмысын бастайды. АҚШ-тың тәулігіне 10 млн баррель мұнай өндіруі, қордың жылдам өсуіне әкеледі, ал бұл мұнай бағасында жағымсыз көрініс табады.
Биткоин бұрынғыша құбылмалы болып тұр. Егер оның құбылмалығы бұған дейін өсумен байланысты болған болса, қазір ол керісінше. Криптовалютаның бұл түріне қатысты жаңалық күн сайын шығады. Шыққан әр жаңалық валюта бағамына әсер етеді. Егер бағаның күндізгі кестесіне қарайтын болсақ, менің ойымша, бағамның төмендеуі одан әрі жалғасады. Нарықтың кәсіби емес қатысушыларына айтарым, биткоиннан пайда көрем деу әурешілік.
Келер аптаға ұсынып отырған болжамымыз: бір доллар 319-324 теңге, бір рубль 5,7-5,85 теңге, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 68,5-71,5 доллар, биткоин 8000-13000 доллар.
Сергей Полыгалов, TeleTrade Central Asia сараптау тобының жетекшісі:
Өткен апта қазақстандық теңге үшін «Жоғарыла! Тағы да жоғарыла!» деген ұранмен өтті. Осы уақытта USD/KZT жұбы бір доллар үшін 319 теңге болды. Тіпті нарықта қарқынды нығайып келе жатқан рульдің өзіне қатысты бағамына теңге 13 тиын қосып, 5,69 теңге болды.
Қазақстандық теңгенің нығаюы одан әрі жалғасады деп ойлаймын. Оған бірнеше себеп бар
Біріншісі – қымбат мұнай. Мұнай нарығындағы жағдай тұрақты болып қала бермек, алдағы аптада қандай да бір өзгеріс болмайды. Нарық қатысушылары бір баррель үшін 69-70 доллар бағасында тұрақтау керек деп шешкен сияқты. Теңгеге мұнай бағасының бір баррель үшін 58-60 долларға дейін болғаны қолайлы. Тап қазіргі жағдайда мұнай бағасы қазақстандық теңгенің бағамын жоғары ұстап тұрады деуге болады.
Екінші себеп - халықаралық нарықта АҚШ долларының қатты әлсіреп кетуі. Өткен аптада доллардың барлық валютаға қатысты бағамы түсіп кетті. Доллардың франкқа қатысты бағамы 3,6%, еуроға 2,6%, йенге – 2,5% жоғалтуды көрсетті және мұнымен тоқтап қалатын түрі жоқ. Доллар бағамы ФРЖ отырысынан кейін де түсуі мүмкін, оның нәтижесін 31 қаңтар күні көреміз. Реттеуші тарапынан тосын жағдай күтіліп отырған жоқ. Пайыздық мөлшерлеме 1,5% деңгейінде қалады. Долларға тек ФРЖ-ның жаңа басшысы ғана әсер ете алуы мүмкін.
Үшінші себеп- ресейлік рубль. Өткен аптада ресейлік рубльдің долларға қатысты бағамы 55,38 рубльге дейін көтерілді. Мұндай жағдай 2017 жылдың қаңтарынан бері бірінші рет болды. Мұнай бағасының қымбат болуы мен АҚШ долларының төмендеуінен USD/RUB жұбы бір доллар үшін 55-55,50 рубль шамасын сақтап қалатын сияқты. Бірақ та тәуекел де жоқ емес. Ол АҚШ тарапынан болатын жаңа санкцияға байланысты болмақ. Жалпы Ресей санкцияға еті үйреніп алған секілді, дегенмен де нарықтың қысқамерзімді реакциясы болатыны анық.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе USD/KZT жұбы бір доллар үшін 317-320 теңге, RUB/KZT жұбы бір рубль үшін 5,70-5,77 теңге шамасында болады деп отырмыз.
Ілияс Басшығұл, Wall Street Invest Partners жетекші сарапшысы:
Теңгенің долларға қатысты бағамы өзгереді, ал рубльге қатысты бағамы нығаяды. Өткен аптада теңгенің нығаюы үшін көптеген себеп болды. АҚШ үкіметі аппаратының уақытша жұмыс істемеуі, мұнай бағасының бір баррель үшін 71 доллар болуы - қазақстандық теңгеге сенім ұялатты. АҚШ энергетика министрі Рик Перри қатпарлы мұнай өндірудің өсуі нарықты реттеу үшін кедергі болмайды деп отыр. Оның айтуынша, сұраныстың жылдам өсуі шикізаттың жаңа көлемін игеруге әкеледі. Сонымен қатар АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучиннің сәрсенбі күні доллар бағамының төмен болуы сауда үшін қолайлы деуі мұң екен, америкалық валюта бірден түсіп кетті. Бірақ та Дональд Трамп CNBС-ге берген сұхбатында долларға сенім білдірген болатын. Содан кейін доллар біршама көтерілді.
Егер қазақстандық экономиканың ішкі факторлары туралы айтататын болсақ, онда 25 қаңтар күнгі ұлттық қаржы реттеушісінің басшысы Данияр Ақышевтың 2017 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейінің 7,1% болуы, алдында айтылған мақсатты 6-8%-ға сәйкес келеді дегенін атап кеткен жөн. Былтыр Ұлттық банктің алтын валюталық қоры өскен, алдын ала мәлімет бойынша ол 4,7%-ға, яғни 31,1 млрд долларға дейін жеткен. Базалық мөлшерлемені енгізеннен бері ол алғаш рет 2018 жылдың қаңтарында бір мәнді шекке жетті. Сондықтан валюта нарығындағы жағдай тұрақты, бір жыл ішінде теңгенің долларға қатысты бағамы 0,3%-ға нығайған.
Өткен аптадағы мәліметтерге және алдағы жарияланатындарды ескере отырып, теңгенің долларға қатысты бағамы шамалы өзгереді деуге болады. Теңгеге сыртқы факторлар әсер етеді. Бұған АҚШ-тың пайыздық мөлшерлеме бойынша шешімі және 1 ақпан күні шағатын ФРЖ өтініші себеп болады. Сондай-ақ жұма күні АҚШ-тың еңбек нарығы туралы мәліметтер жарияланады. Доллардың нығаюына ЕОБ-ның пайыздық мөлшерлемесінің өзгермегені де қолдау болады. Осы айтылғандарға сүйене отырып, теңгенің долларға қатысты бағамы 321-325 теңге болады дейміз.
Ресейлік рубль жайын сөз етер болсақ, онда оның бағамы да теңгеге әсер ететін сыртқы факторларға тәуелді болады. Алайда оған америкалық тараптан болатын жаңа санкция да қосылады. Теңгенің рубльге қатысты бағамы 5,65-5,72 теңге шамасында болады деп болжап отырмыз.
Олег Богданов, «Телетрейд Групп» компаниясының бас сарапшысы:
Әлемдік нарықтарда доллардың төмендеуі жалғасуда. Доллар индексі 89 деген көрсеткіштен де түсіп кетті. Бұған ең басты себеп – америкалық әкімшіліктің қолжетімді тәсілдер арқылы әлемдік сауда теңгерімінің жоюға деген ұмтылысы. Доллар бағамы негізгі валюталарға, сонымен қатар экономикасы дамушы елдердің валютасына қатысты түсіп кетті. Ал қазақстандық теңге нығайып келеді. Амстердам сотының шешімі қазақстандық теңге үшін қосымша қолдау болды. Тап қазіргі жағдайда теңгенің долларға қатысты бағамы нығая түседі, мақсат 310. Ал еуропаға қатысты бағамы баяу өседі, мақсат 395. Рубль 5,7-5,8 теңге шамасында саудаланады.
Дмитрий Лукашов, IFC Markets компаниясының сарапшысы:
Мұнайдың әлемдік бағасының өсуі аясында теңге сенімді түрде нығая бастады. Сонымен бірге нарық қатысушылары президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары барысында жасалған келісімдер арқасында шетелдік инвестиция ағылады деп күтіп отыр. Теңгенің ресейлік рубльге қатысты бағамы біршама әлсіреді. Бұған 2017 жылы Қазақстан банк секторының активтерін 5,2%-ға қысқарту туралы хабарлама негіз болды деп ойлаймын. Валюта нарығындағы құбылмалық ауқымының болжамына келер болсақ, рубль 5,67-5,83 теңге, доллар 318-325 теңге болады деп отырмыз.